Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы бүкіл әлемде COVID-19 коронавирусының пандемиясы таралуына байланысты Қазақстан Республикасында 2020 жылғы 15 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай режимін енгізді.
Бірқатар уақытша шектеулер белгіленді, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілеріне де. Оларды орындамау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 476-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (10 АЕК айыппұл немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамаққа алу).
Төтенше жағдай кезеңінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 379-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген (2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру).
Осыған қарамастан, өңірдегі бірқатар кәсіпкерлер өздерінің жұмысын қалыпты жалғастыра беріп (кафе-бар иелері сағат 22.00-ден кейін жұмыс істеген), адамдардың жаппай жиналуына жол берген.
Ағымдағы жылғы 26 наурызда көңіл көтеру орындарының және ойын клубтарының 7 иесі ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оларға 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және айыппұл түріндегі жазалар қолданылған, сонымен қатар дәрігерлердің рұқсатынсыз ауруханы өз еркімен тастап кеткен адам 5 тәулікке қамаққа алынды.
10 тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселесі шешілуде.
Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамағаны (ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі – 500 АЕК-ке дейін айыппұл) және адам денсаулығына зиян келтірмейтін санитарлық ережелер мен гигиена нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық қарастырылған (ӘҚБтК-нің 425-бабы – 5 млн. теңгеге дейін айыппұл).
Сонымен бірге, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты кәсіпкерлік қызметін тоқтата тұру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдардың жаппай жұқтырылуына немесе адам өліміне әкеп соқтырса, онда ҚК-нің 304-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықты көздейді (2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру).
Осымен қатар, облыс тұрғындарын шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырамыз.
Ағымдағы жағдай туралы шынайы ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылуда.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан іс-шараларға түсіністікпен және барлық жауаптылықпен қарауды, билік өкілдерінің заңды талаптарын сақтауды және оларға көмек көрсетуді сұраймыз.