ҚҰРМЕТТІ МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР!
Бүгін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы сағат 08:00-ден бастап 2020 жылғы 15 сәуірдегі сағат 07:00-ге дейінгі кезеңге төтенше жағдай енгізілді.
Осыған орай, төтенше жағдайдың күшінде болу кезеңінде мынадай шаралар және уақытша шектеулер енгізілетіндігін хабарлаймын:
1. Қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілетін болады;
2. Ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылады;
3. Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатылады;
4. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынады;
5. Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленеді.
Құрметті жерлестер!
Əлемде өршіп тұрған коронавирус дертіне қарсы өңірімізде де қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Облыс әкімдігінде арнайы штаб жұмыс жасайды. Жағдай үнемі бақылауда. Бүгінгі күні 3 деңгейлік (инфекциондық, провизорлық, карантиндік) стационар қызметке дайын және барлығы 850 орын қамтамасыз етілген. Медицина қызметкерлері толықтай ақпараттандырылған және күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Тұрғындардың барлық мазалаған сұрақтарына жауап беру үшін облыс бойынша 303060 нөмірінде, республика бойынша 1406 нөмірінде Колл орталықтары қызмет етуде.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қолдарыңыз бен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу, қолды залалсыздандыруға арналған антисептиктерді қолдану, адамдар көп жиналатын орындарға бармау, науқас адамдармен байланыста болмау, суық тию белгілері пайда болған жағдайда тұрғылықты жеріңіз бойынша дәрігермен дереу кеңесу секілді алдын-ала сақтық шараларын ұстану қажеттігін ескертеді.
Сонымен қатар, әрбір азамат қазіргі қиын кезеңде өзіне артылған жауапкершілікті сезінуі тиіс. Сондықтан, көпшілік шараларды, тойлар мен садақаларды және өзге де отбасылық мерекелерді ұйымдастыру мен өткізуге және оларға баруға уақытша шектеу қоюларыңызды және бұл мәселеде түсіністікпен қарауыңызды сұраймын. Біз үшін азаматтардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық.
Ерекше ескертетін жағдай, облыс аумағында азық-түлік қоры жеткілікті. Өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қорына тиісті қаржы бөлінді.
Бүгінгі уақытша қиындықтарды тек қана ауызбіршілікпен және ынтымақ, бірлікпен еңсеретінімізге сенімдімін!
Маңғыстау облысының әкімі
С.Трұмов