БАӘ Қызыл Жарты Ай қоғамдық қорының ҚР өкілдігімен «Аса мәртебелі Шейх Сейф пен Шейх Сурур Бин Мухаммед Аль Нахиян атындағы» жеке қоры Маңғыстау облысының жағдайы төмен 17 отбасын азық-түлікпен қамтыды. Сондай-ақ, Бейнеу ауданының әкімдігімен бірігіп ауданның тұрмысы төмен 250 тұрғынына азық-түлік пен шаруашылық заттары таратылды.
«Бүгінгі күні қор Қазақстандағы 4 мыңнан астам жетім қалған балалар мен жастарға көмек көрсетіп отыр», - дейді БАӘ Қызыл Жарты Ай қоғамдық қорының ҚР өкілдігі «жетімге көмек» жобасының жетекшісі Асим Фадль Мохамед.
Негізгі бағыты – жетім балаларды қаржылау қолдау. Ақшалай жәрдемақылар бағдарламасы әкесінен немесе анасынан айырылған немесе жақындардың қамқорында қалған толық жетім балалардың әл-ауқатын жақсартуға арналған. Айына 50 долларды құрайтын жәрдемақыны 18-ге дейінгі жас ала алады. Алайда, өтініш білдіру үшін, бенефициар баланың жасы 10 жастан аспауы тиіс. Қордың шарты осындай. Бұл бағдарлама Қазақстанда 2002 жылдан бері іске асырылып келеді. Маңғыстау облысы бойынша көмекке мұқтаж 324 адамға қаржылай көмек көрсетіп келеді. Бүгінде оның 268 «LC WAIKIKI» киім дүкенінің 25 000 көлеміндегі сертификатына ие болса, 126 «ABDI» кеңсе тауарлары желісінің 27 000 көлеміндегі ақшалай сертификатын алды.
«Жолдасымның өмірден өткеніне 20 жылдай уақыт болып қалды. Мен 7 қыз, 1 ұлмен жесір қалдым. Бір балам - мүгедек. Өзім де жүрегіме ота жасатқалы жүрмін. Қиналып, дәрі-дәрмекке қаражат жетпей қалған күндері бұл біздер үшін үлкен көмек болып отыр. Біз сияқты жандарға көмек қолын созған қорға алғысым көп», - дейді қала тұрғыны Зоя Молдабатырова.