Қазақстан Республикасы Президентінің латыннегізді қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты тапсырмасына сәйкес елімізде Республикалық ашық талқылаудың екінші кезеңі өтті. Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынан Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде ұйымдастырылған басқосуда жаңа, жетілдірілген әліпби ұсынылды. Оны басқарма басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева жүргізіп отырды.
Республикалық ашық талқылаудың екінші кезеңінде облысымыздың тілші ғалымдары мен мамандары жетілдірілген әліпбидің кейбір әріптеріне (с, ч, ж, ң, т.б.) қатысты мәселелерді талқылады.
Әліпбиде 31 әріп бар. Оның төртеуі умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таңбасы арқылы берілген. Әрбір диакритикалық белгі тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне қарай, дауысты мен дауыссыз дыбыс таңбасына бөлек, өзара ажырап қолданылған, яғни әліпбидегі әр диакритиканың өз қызметі бар. Мәселен, Ә, Ө, Ү жіңішке дауысты дыбыс таңбасына – умлаут, жуан дауысты Ұ дыбысына – макрон, ұяң Ғ дауыссызына – бревис, ызың Ш дауыссызына – седиль алынды. Бұл оқылым үдерісін жеңілдетіп, тіліміздің дыбыс қорының әліпбиіде айқын көрінуін қамтамасыз етеді. Сондықтан ғалымдар шартты түрде бұл әліпбиді тіліміздің дыбыстық жүйесін айқын көрсететін нұсқа деп атап отыр.
Әліпбидегі әріптер орналасуының дәстүрлі нормасы бар. Кирилнегізді әліпбидегі әріп реті мен латыннегізді әліпбидегі әріп реті ұқсас болғанымен, бірдей емес. Әрқайсысының өз реті дәстүрге айналғандықтан жаңа әліпбидегі базалық әріптер латын әліпбиінің қалыптасқан ретімен орналастырылды.
Жаңа әліпбиді талқылауға қатысқан мамандардың ұсыныстар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне және Ұлттық комиссияға жолданады. Жинақталған ұсыныстар мониторинг жүргізілген соң қорытындыланып, шешімі шығарылады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА