Ақтау қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының (ЖҚО) мамандары Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Мамандардың айтуынша, Ақтау қаласы бойынша тіркелген жұмыссыздардың жартысынан астамы — әйелдер.
Жәрмеңке барысында жұмыс іздеуші қыз-келіншектерге еңбек нарығында қалай бейімделуге және жетістікке қалай жетуге болатындығы, жұмыс берушімен әңгімелесуде өзін қалай ұстау керектігі, түйіндемені дұрыс жасау жолдары жайында кеңес берілді.
Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Айдана Елшібекқызы бұл жәрмеңкенің биыл үшінші рет өткізіліп тұрғанын жетикізді.
- Жыл басында 29 жасқа дейнгі жастарға арналған жәрмеңке өткіздік, - деді ол. - Ақпан айында мүкінді шектеулі жандар үшін, ал бүгінгі шарамыз әйел-қыздарға арналды. Жалпы, бос орындар жәрмеңкесін өткізу – азаматтарды жұмысқа орналастырудың ең тиімді жолы. Бұл жұмыс іздеп жүрген азаматтар үшін қарапайым және ыңғайлы тәсіл. Әрі жұмыс берушілер үшін де тиімді. Осындай шаралардың арқасында өткен айда 330-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Әйелдер жәрмеңкесіне 25-тен астам жұмыс берушілер қатысып, 70-ке жуық тұрақты және қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылды. Зейнет жасына жетпеген ондаған аналар мен қыздар түйіндемелерін тапсырып, мекемелер мен ұйымдарға зор үміт артты. Ал олардың осы жолы нешеуі жұмысқа орналасқаны кейін белгілі болмақ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА