Ақтауда облыстық Бекет ата мешітінің жанынан «Асыл аналар» әжелер мектебі құрылды. Басты мақсат - бүгінгі қыз баланың тәрбиесіне баса көңіл бөліп, әжелер салған қазақ анасының жолына бағыттау және жастарды жат ағымдардан сақтандырып, дұрыс бағыт беру. Бұл туралы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде облыс мешіттерінің әйел-ұстаздары, қажылар мен көп балалы аналар, жамағат өкілдері қатысқан шара барысында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов айтты.
Кемшіліксіз қоғам болмайды, сол қоғамның кемшілігін түзететін адамдардың өздері. Әсіресе, үлкендеріміз, аталар мен әжелер. Қыз бала - біздің ұрпағымыз, сүйегіміз, қанымыз. Соларға дұрыс бағыт беруіміз керек. Олар өздерінің өмірлік жолдарын жас кезінен анықтайды. Сондықтан, қыз баланың тәрбиесіне ертерек көңіл бөлу керек. Ұл балаға қарағанда, қыздың жолы жіңішке әрі ауыр. «Қызым үйде, қылығым түзде» дегендей, қыздарымыз өскен сайын әрбір ата-ананың алаңдайтыны рас. Ұлттың ұлттық бейнесі - қыз баланың ар-намысынан көрінеді, ұлт болып қалыптасуы қыздың тәрбиесіне өте қатысты десем, артық айтпаған болар едім, - дейді Әнуар Елжанов.
Облыстық Бекет ата мешіті әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақмарал Қазиеваның айтуынша, әйел жамағатының қатысуымен қыз бала тәрбиесіне арналған шаралар бұрыннан өткізіліп келеді. Ақ жаулықты, абзал жүректі аналар мешітте қыз балаларды қолөнерге баулып, көрпе, құрақ құрау, ас дайындап, тәттілер пісіруде шеберлік сағаттарын өткізіп, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрден дәрістерге қатысып жүр. Солардың бірі – көп балалы ана Ақзер Ағаділова. 5 баланың анасы Ақтау мешітінің белсенді жамағаты ретінде игі шараларға үнемі атсалысып келеді.
Өкінішке орай,аналар жолын бұзып жүрген теріс қылықты қыздар бар, келіндік қызметін дұрыс атқармайтын жастар жетерлік. Сол жастарды тәрбиелеп, оң жолға тарту – аналар мен әжелердің міндеті дер едім. Аталарымыздың «дәретсіз қазанды ұстама, ошақ басына барма» деген сөзінде қанша парасаттылық, қазақилық және тазалық бар десеңізші?! Олай болса, әжелер мектебінің ашылуы – өзекті де қажетті оқиға деп санаймын, - дейді көп балалы ана Ақзер Ағаділова.
Көктем мерекелерімен дөп келген шара барысында Маңғыстаудың бас имамы Әнуар Елжанов пен Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Момынбаев ислам дінін насихаттап, имандылық жолында қызмет етіп жүрген бірқатар нәзік жандыларға алғыс айтып, сыйлықтар табыстады.
Анар ШАМШАДИНОВА