Немере-жиеннің жүзі нұрлы, алақаны аялы әжесі атанған Ұяң Шалқыбайқызы өмірге 13 перзентті әкелген алтын құрсақты аналарымыздың бірі. Ұяң әжеміз 1946 жылы қазан айында Таушықта дүниеге келген. Ерте жастан еңбекке араласып, кез келген кәсіпке тез икемделгіш, ұғымпаз, зерек жан ретінде қалыптасқан бойжеткен 1965 жылы Қарақойшы Нұрболат атамызбен отау көтереді. Ел-жұртына абыройлы, ағайын-тумаға қадірлі, ісі тиянақты, үлгілі келін атанады. Отбасы ұйытқысы, адал жар, ардақты ана жан жолдасы Қойшыбай атамызбен ұл-қыздарына лайықты тәрбие беріп, олардың саналы, адал әрі әділ болып ер жетуіне еңбек сіңіреді. Бір сәт арқаны кеңге салар бейқамдыққа бой бермей, қат-қабат, қым-қуат жұмыстан қол үзбей, дамылсыз еңбек етеді. Бала-шаға, отбасы игілігі, бақуатты тұрмыстың тұрақтылығы үшін осылайша адал тер төгеді. Нәтижесінде 4 ұл мен 9 қызының еш нәрседен тарықпай, алаңсыз білім алуына, әке-шеше қамқорлығында еркелеп өсуіне жан-жақты жағдай жасайды.
Ұяң әжеміз жастайынан қолөнермен айналысқан, өрнек тоқу, киіз қарпу, текемет басу, тігін тігуді шебер меңгерген. Әжеміздің сөзіне сүйенсек, бұл өнердің барлығын да өз анасынан үйренген. Күні бүгінге дейін ауылдағы халықтың, туған-туыстардың сұрауы бойынша кәделі, құнды қолөнер бұйымдарын жасап келеді. Ұяң әжеміздің қолынан шыққан, ұқыппен және аса ыждағаттылықпен жасалған зерлі, ою-өрнекті, кестелі көрпе-төсек, жастықтар, жалпы қыз жасауына қажетті тұрмыс бұйымдары жатыңқы тігісі, жоғары сапасы, бедер-нақышымен ерекшеленеді. Асыл әже жыл сайын Амал мерекесі қарсаңында киіз үй құрады. Киіз үйдің барлық жасау-жабдықтары, ішкі баулары, шилері жалпы киіз бұйымдары Ұяң әжеміздің өз қолынан шыққан дүниелер. Бір кездері Ұяң әжеміз өз кәсібін өркендетіп, «АрАй» тігін шеберханасын ашып, қолөнер бұйымдарын жас ұрпаққа кеңінен насихаттауда еңбек сіңірді. Қазіргі таңда танымы мен өмір тағылымы мол қазыналы қария бар білгенін, көңілген түйгенін ұл-қыздары мен немере-жиендерінің санасына тоқып, болашаққа бағдар нұсқар шамшырақтай шаңырақ шырайын кіргізіп, ғұмыр кешуде.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ