Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтің жұмыс тобы Ақтау қаласында болып, облыс әкімдігінде мұнай өңдіруші және сервистік компанияның басшыларымен кездесті. Жиында сөз алған вице-премьер әлемде орын алып отырған жағдайларға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі республикалық және өңірлік жедел штаб құрылған атап өтті. Осыған орай, облыстағы штабтың жұмысын жүйелі түрде жүргізіп, барлық бақылауды күшейту керектігін тапсырды. «Негізгі бағыт жұмыс орындарын сақтау, халықты жұмыспен қамту, және жаңа жұмыс орындарын құру» деді.
Өңірдің бүгінгі хал-ахуалы, әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жағдайы жайында облыс әкімі Серікбай Трұмов баяндады. «Коронавирустың алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Халық арасында, сауда орындарында ешқандай толқу орын алып жатқан жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға тұрақты. Өңірге негізгі азық-түліктің 90% басқа облыстардан және шет елдерден әкелінеді және оның бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Біз үшін негізгі бағыт халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру» деді ол.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп Жаңаөзен қаласында өндірістік кәсіпорындарды шоғырландыру жұмыстары жүргізілуде. Осы жобаны жұзеге асыру мақсатында үкіметпен арнайы Жол картасы бекітілді. Қазіргі уақытта жұмысшы тобына 39 бизнес-жоба бойынша ұсыныс түсіп, 4 жоба қолдау тапты. Сонымен қатар, өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 28 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту, қайтарымсыз грант беру және кәсіптік оқытудан өткізу шаралары жүргізілді. Бұдан өзге өңірлік «Нұр Капитал» бағдарламасы арқылы 129 жобаға 2,5 млрд теңге несие беріліп, 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын атап өтті. Жиын соңында әр саланың басшылары үкімет мүшелерімен бірлесіп, өңірдің өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігі ұсынылды. Қабылданған оң шешімдер аймақтың экономикалық өсімін өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталмақ.