Маңғыстауда кітапқұмар жастардың басын біріктіріп, рухани орта қалыптастыру мақсатында ашылған «Шам дамушы орта» атты оқырмандар клубы жылдың қорытынды кешін өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО-ға сілтеме жасап.
Мұнда жастар Шәмшінің әнін айтып, поэзия оқыды. Сондай-ақ интеллектуалды ойындар ойнап, домбыра тартты.
Жыл бойы белсенділік танытқан оқырмандарға түрлі номинация табысталып, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлыққа ие болды. Атап айтсақ:
1. «Жыл үздік талқылаушысы» - Ләззат Қабылберді;
2. «Жыл жолаушы оқырманы» -
Алшынбек Дауылбай;
3. «Жыл кітап құмары» -
Найзабек Жанбай;
4. «Жыл инста әлемінің белсендісі» -
Жайна Молдағали;
5. «Жыл жанашыр оқырманы» - Марзия Қалпабаева;
6. «Жыл талантты оқырманы» -
Асылжан Асылбекұлы;
7. «Жыл спортшы оқырманы» – Алмас Сабыров.
Бүгінде клуб құрамында 140 оқырман бар. Оның жұмысын жүйелі жүргізу үшін 14 адамнан құралған ұйымдастыру алқасы құрылған. Алқа мүшелері барлық іс-шараны жіті дайындап, оқырмандарға сыйлық пен техникалық қажеттіліктерді қамтамасыз етеді.
Жастар қазақ әдебиетінен бастап әлем әдебиетіне дейінгі классикалық туындыларды оқып, талқылау жиындарын ұйымдастырады.
Бүгінгі күнге дейін оқырман қазақ және әлем әдебиетімен бірге әртүрлі бағыттағы кітаптарды оқып, біре талдаған.
Клуб мүшелері жыл басынан бері 12 рет кітап-талқы, 8 рет театр-талқы, 3 рет кино-талқы және 1 рет кітап алмасу жиынын өткізген. Одан бөлек «Ауылға кітап» жобасы бойынша Мұнайлы аудандық орталық кітапханасына 50 кітап ұсынып, мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ал Рамазан айында ауызашар жасап, қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырған.
- Биылғы жылды осындай жоғары деңгейде аяқтап жатырмыз. Бұл біз үшін – үлкен мәртебе. Осы жылы көп іс-шара атқарып, барынша белсенді болдық. Келесі жылға кітапсүйер оқырмандар санын арттыруды, Маңғыстаудағы кітапханаларды кітаппен қамтамасыз етуді, кітап талқылау жиындарының санын көбейтуді және басқа да ауыл - аудандарда филал ашуды жоспарлап отырмыз деді,- клуб жетекшісі Жасұлан Гадилбеков.
Рухани ортаның тұрақты оқырмандары да тілек айтудан қалыс қалмады.
- Бүгін облыста бұрын - соңды болмаған іс-шара өтіп жатыр. Оқырмандар болып көңіл-күй көтеру үшін ән айтып, поэзия оқып жатырмыз. Мен «Жыл талантты оқырманы» номинациясына ие болдым. Бұл одан әрі өнерімді шыңдап, «Шам» ортасы ұйымдастырған жиындарға көбірек қатысуға шабыт береді. Ортамыз одан әрі ұлғайып, дами берсін. Бүгінгі кешті ұйымдастырушыларға зор алғыс білдіремін, - деді клубтың тұрақты оқырманы Асылжан Асылбекұлы.
Айта кетейік, «Шам дамушы орта» оқырмандар клубы жақында аймақ жастары арасында өткен
«Жас тұлпар» премиясында «Жыл белсендісі» номинациясына ие болған еді.