Ақтаулық жүргізуші көлік нөмірін алып тастап, жылдамдықты асырған. Жол ережесін бұзған азаматтың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Маған бәрі бір, сергек па? Бәрі бір,- делінген желіде жарияланған видеода.
Осы сөздерден соң көлік иесі нөмірді шешіп, оны камераға анық көрсетеді. Бұдан бөлек видеодағы көлік жүргізушісі қала ішінде белгіленген 60 км/сағ жылдамдықтан асырып, көлік жүргізгенін де байқауға болады.
Бұл оқиға туралы Маңғыстау облысы полиция департаментінің айтуынша, видеодағы көлік жүргізушісінің жеке басы анықталып, тиісті шара қолданылды.
- Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен жүргізушінің жеке басы анықталды. Мемлекеттік белгісі жоқ күйде көлік құралын басқарғандығы үшін 21 жастағы жүргізушіге ҚР ӘҚБтК 590-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, Ақтауда 1 шілдеден бастап «Сергек» бейнебақылау жүйесі іске қосылған еді. Қала бойынша желілік учаскелерде, қиылыстарда және теміржол өткелдерінде 638 бейнебақылау камерасы бар.