Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен Маңғыстау облысы әкімдігінің сұранысына сай МАЭК-те жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тиісті қаулыны Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«МАЭК» ЖШС әкімшілігі ұсынған қажетті қосалқы жабдықтарды сатып алуға қаржы бөлінді.
- «МАЭК» ЖШС ұсынған тізім негізінде қажетті қосалқы жабдықтар мен тораптарды сатып алуға қаржыландыру тетіктері қарастырылды. Апаттық жағдайдағы құрамдас бөліктерді ауыстыру электр стансаларының генерациялаушы жабдықтарын тоқтату және тұтынушыларға қызмет ұсынудағы шектеуді барынша азайта отырып, жабдықтың техникалық жай-күйі мен жұмысқа қабілеттілігін сақтауға және жұмыс кезінде олардың қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада. .
Еске сала кетейік, МАЭК пен АМӨЗ-де орын алған апаттың себептерін тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес кәсіпорындардың жұмысындағы жүйелік кемшіліктер анықталған еді.
Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін Үкімет бірқатар жедел және жүйелі шараларды қолға алмақ.