Сайын Шапағатов ауылында маңғыстаулықтар жергілікті «Көкмойнақ» командасын екі аптаған созылатын «Ұлы дала жорығы-2023» ат бәйгесіне шығарып салды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биыл 14 күнге созылатын дүбірлі додаға 20 өңірден 20 команда (100 шабандоз, 200 ат) қатысады. Бұл уақыт аралығында қатысушы команда аттары 1300 шақырымға созылатын жолды жүріп өтуі тиіс. Еліміздің 6 облыс, 12 аудан, 52 елді-мекенді басып өтетін жорық Астана каласынан бастау алып, Ұлытау, Қызылорда, Сығанақ, Сауран шаһарларын басып өтеді. Ал 19 қыркүйекте рухани астана Түркістан қаласында жүйріктер додасы мәресіне жетпек.
«Көкмойнақ» командасын шығарып салу рәсімінде Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтізаров қатысып, сәттілік тіледі.
«Бүгін біз үшін ерекше күн айтуымызға болады. Себебі, Сайын Шапағатов ауылынан «Көкммойнақ» командасы республикалық сынға жол тартқалы отыр. Бұл жолы да үлкен жорыққа маңғыстаулық Адай жылқысының үлкен белестерді қайта бағындыратына сеніміміз кәміл. Атбегілеріміз бен шабандоздарымыздың жолы болсын! Аламанда аттарымыз сүрінбесін. Көздеген межеге жетуіне тілектеспін. Жақсы күндерімізде көп болғай», - деді аудан әкімі.
Биыл атбегілер ақылдаса келе, өткен жылғы сынға қатысқан аттарды толық ауыстыруды жөн көрген. Сонымен қатар, шабандоздарды да өзге жастар алмастырып отыр.
«Былтырдан бері осы жобада жүрмін. Атбегі ретінде көмектесеміз. 2022 жылы да додаға барып, топ жарып, абыроймен оралдық. Аттарымыз сүрінбеді. Бұл үлкен сынақ. Мықты, күшті қайраты бар ат керек. Былтырғы аттардың барлығын тастап кетіп бара жатырмыз. Себебі, ол аттар өздерін толық дәлелдеді. «Қайта-қайта қинамайық» деп басқа аттарды жасақтадық. Биыл сол межеден көрінеді деген сенімдеміз. Аттарымыздың жағдайы жаман емес. 10 атты бір айдан бері дайындап жатырмыз. Бәсеке өте қатты болады деген болжам бар. Өткен жылы барған облыстың командалары биыл жақсылап дайындалатыны сөзсіз. Себебі, бірінші рет өткеннен кейін барлығы да көрмеген жарыста тәжірибесі болмады. Сондықтан сақадай сай келетіні анық. Негізінен бәсекенің қатты болатыны баршамыз үшін жақсы. Аталған сында күштінің күштісі ғана бәйге алады. Халық қолдап, шығарып салғанына шын жүректен алғыс айтамыз. Көп тілегі көл деген. Биыл да сол биіктен көрінеміз деген ойдамыз. Адай жылқысының мәртебесін өсіреміз деген үміт бар. Шабандоздардың да құрамы өзгерді. Дегенмен өткен жылы қатысқан кейбір шабандоздар да бұл сынға қатысқалы отыр. Бұдан бөлек елдің азаматтарының көбі додаға қатысуға ұсыныс білдірді», - деді атбегі Есболат Бекұлы.
«Көкмойнақ» командасының атбегілері облыстың әр қиырынан жиналған. Қызан ауылынан келген Бұғабай Мықырбаев атбегі ретінде іріктеу күллі Маңғыстау аумағында жүргізілгенін атады.
«Менің әкем Майрамбай Мықырбаев атбегі болған адам. Ат шаптырды. Бәйге алды. Атам Мықырбай Төреғұлов сол жолда еңбек етті. Менде солардан көрген нәрсені санаға түйіп, атбегілік жолды таңдадым. «Ұлы дала жорығына» аттарды апара жатырмыз. Дайындығымыз өте жақсы. Былтыр аяқ астынан аттанып кетіп едік. Бұл жолы аттарды алдын ала қамдадық. Үмітіміз бар.
Аттарымызды шалдардың жолымен жараттық. Жолдың жүрісін көрсетіп, жаратып, сұлы бердік. Іріктеу кезінде шабатын аттар бірінші көрінеді.
Жылқы бірдей болғанмен, олардың қандай екенін атбегілер таниды. Алыс жолға шыдамды аттың жағының қуысы кең, омыраулы болуы керек. Солар нағыз ұзаққа шабатын аттар ғой. Айта кететін бір жайт, аттардың барлығын облыстағы әр ауданнан іздеп таптық. Мәселен, Бейнеу, Түпқараған, Маңғыстау аудандарының әрқайсынан 2 ат таңдап алдық. Жаңаөзен қаласынан тағы бір ат бар. 20 команданың арасында оза шауып өтеміз деген ой бар», - деді Бекұлы Есболат.
Маңғыстау облыстық «Жорық» федерациясының басшысы Алдаберген Ұзақбаев аттардың ұзақ жолға дайындығы пысықталып жатқанын атады.
«Өткен додада Маңғыстау облысынан 10 ат, бес бала барып жолды жүріп өтті. Сол сында бас жүлде алғаннан кейін Маңғыстау облысында федерация ашылды. Қазір сол бағыта жұмыс істеп жатырмыз. 2023 жылы «Ұлы дала жорығы-2023» сынында 1300 шақырымға дайындықты бастадық. Бұл жоба әлем бойынша алғаш рет өткен еді. Биыл тағы да жалғасып таппақ. Бұрын соңды болмаған жоба болған тәртібін білмедік. 2022 жылы ат тұяғына таудың тасы батты. Мыңнан асатын шақырымды жүріп өту жылқыға оңай емес. Шабандоздардың салмағына байланысты биыл басқа жігіттер келді. Қатысатын барлыұ команда біз үшін басты қарсылас. Өткен жылы екінші келген Жетісу облысының аттары осал емес. Түркістан мен Ақтөбенің жылқылары бай бәйге алуға лайықты. Жарыс ережесіне өзгеріс енген жоқ. Сол қағидамен өтеді. Соған біз де қуанып қалып отырмыз», - деді Алдаберген Ұзақбаев.
Өткен жылы Астанадан басталған екі аптаға созылған ат бәйгесінде Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы топ жарған еді. Сол жолы олар бас бәйгені еншілеп, көмбеге, 4 ат бірінші болып жеткен болатын.