Бүгін, 24 тамыз күні білім қызметкерлерінің «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты республикалық тамыз кеңесі басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кеңес аясында «Білім мазмұнын дамыту» тақырыбында өңірде панельдік секциялық отырыстар өтуде.
Секциялар 4 бағытқа, яғни «Білім беру сапасын арттыру: іс-тәжірибедегі зерттеу мен идеялар», «Білім беру үдерісіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Оқыту мен оқудағы инновациялық шеберлік», «Жаңа оқу жылында оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру ерекшеліктері» тақырыптарына бөлінген.
Секциялық отырыстарда біліктілік санаты жоғары педагогтер, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары, сонымен қатар оқытуда тың идея, жаңа әдіс-тәсілдер қолдану арқылы білім сапасын арттыруға үлесін қосып жүрген жас педагогтер іс-тәжірибесімен бөлісуде.
Айта кетейік, дәстүрлі тамыз кеңесі биыл жаңа форматта «Бір өңір – бір тақырыптық бағыт» принципімен 20 өңірде білім саласындағы ең өзекті 20 тақырып бойынша өткізілуде.
22 тамыздан бастап тамыз кеңесіне Ақтөбе, Ұлытау, Түркістан, Алматы, Абай, Солтүстік-Қазақстан, Батыс-Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан, Абай облыстардан және Алматы, Астана қалаларынан 116 педагог келді. Барлығы 500-дей педагог қатысып жатыр.