Ақтауда ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Нұрнияз Мұқановтың жеке коллекциясынан жасақталған "Күмбірлейді күмістер" көрмесі өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Көрменің ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, қазақтың көрнекті кино және театр қайраткері Асанәлі Әшімов, ақын Сабыр Адай келіп, құттықтау сөз айтып, ізгі тілегін білдірді.
Коллекционер көрмеге 40 жыл бойы жинаған 150-ге жуық күміс қойған. Айтуынша, мұнда тұрған бұйымдардың жалпы салмағы - 56 келі.
"Көрмеге қойылған бұйымдардың 90 пайызы жергілікті қолөнер шеберлерінің туындылары. Күміс сақина, алқа, білезіктен бөлек ер тоқым, құмыра сынды құнды дүниелер бар. Сонымен қатар өзім реставрация жасаған бұйымдар да көрмеге қойылды", - дейді Нұрнияз Мұқанов.
Айта кетейік, көрме Ә. Кекілбаев атындағы облыстық музейде 20 қыркүйекке дейін жалғасады.