Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Дәрментайдың Бекесі және оның ұрпақтары» кітабының монографиялық кітабының салтанатты тұсаукесері өтті.
Тұсаукесер шарасына кітап авторы Сұлтанов Шымбай, Маңғыстау облысы әкімшілігі, Маңғыстау облыстық прокуратура қызметкерлері, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық білім басқармасы, облыс әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі Комиссия мүшелері, облыстық кітапхана басшылары, «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
1931 жылы Адай көтерілісінің бір қанаты Шағадам, Қарақұм жерінде ұйымдасып, түрікмен-қазақ жігіттері бірігіп кеңес билігіне қарсы күресті. Түрікмен жеріндегі Адай жасағына әйгілі бай-көпес, көтеріліс басшыларының бірі, Сердалы руынан шыққан Бекес Дәрментайұлы (1877-1931) мен баласы Омар мерген басшылық жасады.
Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған Шымбай Сұлтанов 1931 жылғы Адай көтерілісінің бір бағыты Шағадамның Қарақұмында болғанын, олардың көтерілісін Мұстафа Шоқай қолдағанын айта келіп:
- Менің атам Бекес Дәрментайұлы мен оның ұлы Омар түрікмен жеріндегі қазақтар қозғалысының жетекшілерінің бірі болды. 1931 жылы менің атам сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Оның ұлы, әкем Нұрберген Сұлтанов 9 жасында жетім қалды.
Осы кітап жазуды ойға алғанда ата-бабаларымды, туыстарымды еске алу менің қасиетті міндетім екенін түсіндім. Бұл басылымда көптеген қызықты фактілер жинақталған. Мұнда менің атамның туыстары мен жақындары - әйелдері, балалары, немерелері, шөберелері туралы деректер ғана емес, сол қанды жылдардың мұрағаттық материалдары бар, - деді.
Кітап авторының айтуынша, Бекес Дәрментайұлы жетім балаларға көмек көрсетіп, олардың сабақ оқуына жағдай жасаған. Адамдардың тіршілігін қамтамасыз ету үшін ол Қарақия және Бейнеу аудандарында құдық қаздырған. Бұл құдықтарды әлі күнге дейін аймақтағы шаруа қожалықтарының фермерлері пайдаланып отыр.
Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының есімін ел жадында сақтау мақсатымен 2023 жылдың мамыр айында Бейнеу ауылының көшелерінің бірі Бекес Дәрментаевтың атына берілді.