© Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма
Маңғыстауда жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану, оларды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағдарлама аясында жастар қоршаған ортаны абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша ақылы түрде қызмет атқарады.
Былтыр аталған жобаны орындауға 119 млн теңге бөлініп, 1 637 жас жұмыспен қамтылған болатын. Ал биыл басқарманың ұсынысымен бағдарламаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет есебінен 256,8 млн теңге қаражат бөлінді. Жоба аясында 2 888 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, жастардың жалақысы ел заңнамасына сәйкес ең төменгі жалақы 85 000 теңге көлемінде есептеледі. Жастар бағдарлама аясында бөлініске сай 2 немесе 3 маусымға бөлініп қызмет атқарады.
Бұдан бөлек, жазғы демалыс уақытында аймақтағы жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» жасағының жастарына оқыту шаралары, кездесулер, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылады.