27 мемлекет қатысатын «Пекин-Париж» халықаралық автокөлік шеруі Маңғыстау өңірін кесіп өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Құрамында 100-ге жуық автокөлігі бар және 16 қолдау көрсететін автокөліктен құралған ралли Пекин қаласына жақын Ұлы Қытай қорғанынан 18 мамыр күні бастау алған. Автокөліктер шеруі 2024 жылдың 23 маусымында Парижде аяқталады. Авторалли командасы Қазақстан аумағын 30 мамыр мен 7 маусым аралығында кесіп өтеді.
14 500 шақырым қозғалыс бағытын құрайтын авторалли Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Грекия,Сан-Марино, Италия және Франция елдері арқылы өтеді.
Халықаралық іс-шараны ұйымдастырушы— Hero-era. com компаниясы.
- Іс-шараның маңызы қатысушылар үшін әр алуан. Кей адамдар өзара жарысып, 1- орынды иеленгісі келеді, кей жандар үшін қатысудың өзі жеткілікті. Егер сіз екінші санаттағы қатысушы болсаңыз Парижге жетуді мақсат тұтасыз. Қазақстан аумағын 2019 жылы кесіп өткен едік. Жергілікті тұрғындармен тез тіл табысып кеттік. Қазақстанның табиғаты ерекше. Шөлді қыраты, жазық даласы, ой- қыры сондай керемет. Сондықтан Қазақстан табиғаты ерекше әсер қалдырады. Ралли ұйымдастырушылар құрамында 45 адам 20 шақты көлікпен келе жатыр, - дейді Пекин-Париж ретро-раллиі директорының орынбасары Крис Элкинс.
Италия елінен келген қатысушы Федерико Гром 1973 жылғы фиат автокөлігін тізгіндеген.
- Менің көлігім өзіммен жасты, 51 жаста. Қазақстан аумағына кіргенімізге 1 аптаның жүзі болды. Шекарадан өткенде ең бірінші байқаған дүниеміз ашық аспан. Сондықтан бұл ел бізге бірден ұнады. Адамдары да сондай, ашық, жарқын. Саяхат айрықша ұнап жатыр. Өте қызық. Біз автокөліктерімізді паромға тиеп, Баку қаласына жетеміз, кейін Түркия елі арқылы, Еуропаға жол саламыз, сосын Парижге жетпекпіз. Осы біздің басты мақсатымыз, - дейді Федерико Гром.
Айта кетсек, аталған іс-шараға Бейнеу, Қарақия ауданының әкімдігі және Маңғыстау облыстық туризм басқармасы және Құрық портының әкімшілігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің МО бойынша департаменті және ҚР ҚМ Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасы қолдау көрсетеді.