Жаңа оқу кезеңінің басталуына байланысты 3-6 маусым аралығында Ақтау гарнизонында орналасқан әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдері дабыл бойынша көтеріліп, жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Кемелердің орналасқан жері қарқынды жаттығу орталығына айналды. Онда диверсияға қарсы күштер мен құралдарды тексеру мәселелері пысықталып, әртүрлі сценарий бойынша тактикалық жаттығулар өткізілді.
Кеме экипаждары Каспий теңізінің су айдынына шығып, жоғары кәсіби дайындығы мен тиімді әрекет ету қабілетін көрсетті.
«Дабыл сигналын алғаннан кейін кеме экипаждары кемені ұрысқа және жорыққа дайындау бойынша іс-қимылдарды пысықтады. Кемелердің жауынгерлік бекеттері мен командалық пункттерінде қару-жарақ, техникалық және энергетикалық құралдар дереу қолдануға дайын болды», - деп атап өтті кемелер дивизионының командирі, үшінші дәрежелі капитан Медет Сұлтанов.
Жауынгерлік дайындықты тексеру шараларына штаттық қаруы бар мыңға жуық әскери қызметші қатысты. Бұл олардың кәсіби дағдыларын сынау ғана емес, сонымен қатар әскери-теңіз күштері мен құралдарын төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындығын тексеру.
«Бұл іс-шара әскери дайындықтың бір бөлігі. Әрбір әскери қызметшінің қажет болған жағдайда жедел және тиімді әрекет етуі үшін тұрақты жаттығулар қажет», – деп толықтырды әскери-теңіз базасының командирі 2-дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлы.