«West Oil Software» компаниясы қызметкерлерінің ұзаққа созылған заңсыз ереуілі Қазақстан экономикасына зиян келтіреді. «ҚазМұнайГаз» АҚ ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың 14 ақпанындағы жағдай бойынша шығын 1 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz "ҚазМұнайГаз"АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған дейін «West Oil Software» компаниясының қызметкерлері бірқатар талап қойған еді. Олар өз талабында ҚМГ құрамына енгізу, ҚМГ еңбекақы төлеу жүйесімен теңестіру, материалдық-техникалық базаны жаңартуды сұраған.
«Бірінші және екінші талап бойынша ҚМГ өз уәжін өткен жылдың 15 наурызында «West Oil Software» қызметкерлерінің өкілдерімен өткен отырыста айтты. Нәтижесінде үш жақты хаттамаға қол қойылды", - делінген «ҚазМұнайГаз» хабарламасында.
Техниканы жаңарту мәселесі бойынша 2023 жылдың 14 қарашасында ҚМГ еңбек арбитражының отырысында техника паркін жаңарту жөніндегі талаптарды орындау туралы хаттамаға қол қойды. Хаттамада 2024-2026 жылдар аралығында 202 бірлік техниканы жаңарту келісілген.
ҚМГ мұны істеу үшін инвестициялық тариф қолдануды көздеп отыр. Сондай-ақ, лизинг бойынша жеңілдігі бар СеМАЗ және КАМАЗ-Инжиниринг зауыттарынан техника сатып алмақ.
Мекемеге 2023 жылы 17 бірлік техника сатып алынған, ал 2024 жылы кемінде 70 бірлік техника жаңартылады деп жоспарлануда. Бірінші партия биылғы жылдың ақпан айының соңында келеді деп жоспарланып отыр.
- Сонымен қатар, 2023 жылы жаңа базаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың екінші жартысында басталады деп жоспарлануда. Айта кету керек, бұл ақпарат “West Oil Software” қызметкерлерінің өкілдеріне жеткізілді, - дейді мекеме өкілдері.
«2023 жылдың 11 желтоқсанында West Oil Software компаниясының қызметкерлері заңсыз ереуілге шықты. Жергілікті билік пен ҚМГ ереуілге шыққан жұмысшыларды келіссөзге шақыруға әрекет жасады. Алайда, біздегі мәліметке қарағанда, мұндай бастамаларға кейбір белсенділер тосқауыл қойып отыр. Бұған қоса, олар ереуілді тоқтатқысы келетін жұмысшыларды барлық олар қойған талаптардың жақын арада шешілетініне сендіреді. Сол ереуілдің заңсыз екенін түсінген 88 жұмысшы ереуілден бас тартып, жұмысқа кірісті», - деп хабарлады Ұлттық компания.
Жұмыс беруші жалақы мен әлеуметтік төлемдер бойынша өз міндеттемелерін орындап жатқанын жеткізді. Мәліметке сүйенсек, 2023 жылы West Oil Software компаниясы қызметкерлерінің орташа жалақысы 735 мың теңгені, ең төменгісі – 380 мың теңгені, ең жоғарысы – 890 мың теңгені құраған. Сонымен қатар, қызметкерлерге Еңбек кодексіне сәйкес демалыс және мереке күндеріндегі жұмысы үшін ақы төленеді.
Сонымен қатар, 13-ші жалақы, кезекті демалысқа 125 АЕК және бес мемлекеттік / ұлттық мерекеге 50 АЕК төленеді. Сондай-ақ мынадай әлеуметтік төлемдер көзделген: балабақшалар мен лагерлерге қаражатты өтеу, неке қию, балалардың тууы, мерейтой және басқа да жағдайларда материалдық көмек көрсетіледі.
Жалпы "West Oil Software" компаниясының әлеуметтік пакеті ҚМГ-ның еншілес компаниялары деңгейіне сәйкес келеді.
"Ұзаққа созылған ереуіл ММГ-ға күніне 23 миллион теңге көлемінде залал келтіреді, ереуіл басталғаннан бері ол 1 миллиард теңгеден асады. Осыған байланысты жұмыс беруші ереуілге қатысушылармен еңбек қатынастарын тоқтату туралы мәселені заңнамаға сәйкес және сот шешімі бойынша біржақты тәртіппен қарайды. Бұдан басқа, ҚМГ еншілес ұйымдарда қосымша штат ашпайды және жаңа еншілес ұйым құрмайды. Сондықтан біз ереуілге қатысушыларды диалог арқылы мәселелерді шешуге шақырамыз, ол үшін заңсыз ереуілді тоқтатуға және жұмысқа қайта оралуға шақырамыз", - деп толықтырды "ҚазМұнайГаз"АҚ.