"Қазақмыс" корпорациясының жерасты кеніштерінде жұмысы қайта жанданды. Жекелеген учаскелердегі сәйкессіздіктерді жою жалғасуда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабарламада тексерулер де жалғасып жатқаны айтылған.
"Бас инженерлер төрағалық етуімен құрылған комиссиялар тау-кен жұмыстарын тексеру және қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда, тау жыныстарын қауіпсіз ету, жөндеу және бекіту және тағы басқа жұмыстар жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.
Баспасөз қызметі компания басшылығы тексеру жүргізілген уақытта жұмысы тоқтатылған шахталардың бригадаларына жалақыны толық төлеуге шешім қабылдағанын атап өтті.
Еске салайық, 27 қарашада Жамбыл облысындағы Жайсаң кенішінде апат болып, екі кенші қаза тапқаны хабарланды. Осыған байланысты корпорацияның барлық жерасты кенішінде тау-кен-жол салу және күрделі тау-кен жұмыстары тоқтатылған.