© Inform.kz
Жамбыл облысының Жуалы ауданында ауа райының нашарлауына байланысты Тараз қаласынан Түркістан облысына қарай, «Алматы-Ташкент» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың жабық учаскесінде (567 км) жаппай жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеп.
Жеңіл, жолаушылар автобустары және жүк көлігімен Б.Момышұлы аудандық ауруханасына түрлі жарақаттармен 19 адам жеткізілген. Оның ішінде біреуі бала. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен көлік арасында қысылып қалған адамдарды шығару бойынша құтқару жұмыстары жүргізілуде. Қаза болғандар жоқ.
Ал, Нұрлыкент ауылының Мәдениет үйіндегі жылыту пунктіне 39 адам жеткізілген, оның ішінде 8-і бала.
Оқиға орнында ТЖД, полиция, Апаттар медицинасы орталығы, жедел медициналық көмек ауруханасы өкілдері көмек көрсетіп жатыр.
Облыс аумағында ауа райы жағдайының нашарлауына байланысты департамент базасында жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылған. Психологиялық қолдау үшін сенім телефонына байланысуға болады.