Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі заттарын тәркілеген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізген. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметін тоқтатқан.
«Заңсыз айналымнан 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасау үшін пайдаланылатын химиялық реагенттер алынды. Алынған есірткінің «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден астам болып бағаланады, ал көлемі шамамен 17 млн бір реттік дозаны құрайды»,- делінген ҰҚК таратқан хабарламада.
Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Олар осындай қылмыстарға қатысы бар деп күдіктеледі. Баспасөз қызметі одан бөлек, 169 республиканың азаматтары мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұған дейін жыл басынан бері құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 14,3 тонна есірткі, соның ішінде 71,5 кг героин, 652 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. ІІМ күштері 52 есірткі зертханасын жойып, 85 тоннапрекурсор тәркіледі.
Ал ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттері бойынша 37 қылмыстық іс тіркелген. Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталған.