Шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеуге алу 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Сол себепті, автосын әлі күнге дейін тіркемеген көлік иелері тезірек қимылдауы керек. Сондай-ақ уақыттың аз қалуына байланысты түрлі алаяқтар пайда бола бастаған. Kazinform тілшісінің сұрақтарына жауап берген Маңғыстау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Кезбаев осыны ескертті.
- Шетелден әкелінген автокөлікті бір реттік заңдастыру науқаны басталғалы өңірде неше көлік тіркелді?
- Президенттің өткен жылғы халыққа жолдауында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына шетелден әкелінген автокөліктерді бір реттік алым – 200 мың теңге төлеу арқылы тіркеу тапсырылғаны белгілі. Тапсырма аясында бірнеше құзырлы министрлік кеңесіп, талқылау арқылы 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап 30 маусымына дейін шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу жұмыстары басталып кетті. Көлік тіркеу аясында мерзім белгіленгеннен кейін өтінімдерді қабылдау 1 шілдеде тоқтатылды. Ал қазіргі таңда 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім беріп үлгерген, бірақ әртүрлі себептермен тіркеуге кедергілер болған азаматтардың көліктері бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Тіркеу биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Бүгінге дейін өңірде 17760 шетелдік автокөлік тіркелді. Оның ішінде конструктор есебінде уақытша тіркеуге қойылғандар бар.
- Көлік неліктен уақытша тіркеуге қойылады?
- Автокөліктер өзінің тіркелген мемлекетінде, яғни шет мемлекетте тіркеуде тұрса, тіркеуден алынбаса немесе қандай да бір шектеу болса олар біздің елде уақытша тіркеуге алынады.
- Маңғыстауға автокөліктердің басым бөлігі қай мемлекеттерден әкелінген?
- Облысқа көбіне көліктер Еуразиялық одақ мемлекеттерінен, атап айтсақ Ресей Федерациясы, Беларусь, Армения және Қырғызстан мемлекетінен әкелінген. Сондай-ақ аталған елдерден келген автокөліктер кедендік тазартусыз 200 мың теңге төлеммен тіркеуге қойылып жатыр. Осы санаттағы Ресейден әкелінген 3891 автокөлік тіркелді. Армениядан - 9767 Қырғызстаннан - 45 автокөлік, Беларусьтен 4 автокөлік тіркелді. Одан бөлек Евразиялық одаққа жатпайтын 3 мемлекеттен әкелінген автокөліктерді де тіркеу жүріп жатыр. Олар кедендік тазартуға жатады. Көліктерге кедендік тазартудан өткеннен кейін ғана 200 мың теңге төлем қойылады.
- Көлігін заңдастыратын азаматтар нені ескеруі керек?
- Автокөліктерді тіркеудің 4 талабы бар. Ол автокөлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек, одан соң кедендік тазартудан өткен болуы қажет. Тіркелген мемлекетте іздестіруде немесе қандай да бір қылмыстық іске қатысы болмауы тиіс, сондай-ақ көлік құралының тіркеу нұсқасы оригинал болу керек. Осы талаптарға сай болса, шетелден әкелінген автокөлік тіркеуге жатады. Азаматтар осы талаптарды ескергені жөн.
- Тіркеу уақытының аяқталуына аз уақыт қалды ғой?
- Иә, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Сол себепті, әлі күнге тіркемей жүрген көлік иелері тездетіп келіп, тіркеуін сұраймыз. Уақыттың аз қалуына байланысты әртүрлі алаяқтардың көлік тіркеп береміз дегеніне сеніп қалмауын ескертеміз. Түрлі тәсілдер арқылы халық арасында жүріп ақшалай не басқалай көмек көрсетеміз деген алдау-арбауға ұрынып қалмаулары керек. Жақында осындай бір факт болды. Облысымызда көлікті тіркеу жұмыстарын Әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығы бөлімі атқарады. Барлық тіркеу жұмысына жауапты – осы бөлімше. Сондықтан барлық түсінбеген сұрақтарыңыз бойынша бізден ақпарат алуыңызға болады.
- Сұхбатыңызға рахмет!