© Қазақстан Республикасының Парламенті
Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев қоғам белсенділерін «ЛГБТ» насихатына қарсы петиция қорытындысын талқылайтын жиынға белсенді қатысуға үндеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.
«Бабадан қалған ең қастерлі мұрамыздың бірі – киіз үй еді. Сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге және басқа да құндылықтарымызға ақпараттық шабуыл да басталды. Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды», - деп бастады депутат.
Самат Мұсабаевтың айтуынша, аталған бейнебаянның қиындысы бұл бүкіл ұлтты, елді қорлаумен пара-пар.
«Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтаған үш ұзынның ортадағы «сирақты примасы» ез екен. Бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп білеміз. Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды», - деді депутат.
Ол сондай-ақ әдетте мұндай әрекеттер қоғамның тамырын басып көру үшін жасалатынын атап өтті.
«Екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті. Таяуда қоғам белсенділері ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды. Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын», - деді Мәжіліс өкілі.
Сондай-ақ Самат Мұсабаев Бас Прокуратура мен Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен аталған бейнероликке құқықтық баға беріп, нақты шара қолдануды сұрады.
«Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс», - деді депутат.