© Ақорда
Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеп.
«Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе», - деді Президент.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына 5 жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті екі есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді.
«Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге Президент медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажеттігін айтты.
«Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек. Жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырған жөн. Әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджеттен бөлінуге тиіс», - деді Мемлекет басшысы.