© Мәжіліс
Бүгін Парламент Мәжілісінде әйел құқықтарына қатысты заң жобасының таныстырылымында Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев отбасындағы жанжалға тек ерлерді айыптауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеп.
Депутат құжат бойынша ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке ауыстыру және жазасын әлдеқайда қатаңдату нормаларын қолдайтынын айтты.
«Еркектің ең сорлысы ғана әйелге қол көтереді. Дегенмен, ұрыстың бәрі бірден ұрудан шықпайды ғой. Ерлерді де түсінуіміз керек. Жанжал неден туындайды? Әрине, кей жағдайда әйелдің тілінің ұзын болуынан. Мені (осы сөзім үшін) әйел адамдар кешірсін. Бірақ ондай да фактілер бар. Қазақта «жақсы әйел ырыс, жаман әйел ұрыс» немесе «ерге жаққан әйел елге де жағады» деген сөз бар. Біз қазақы тәрбиеден алшақтап бара жатырмыз. Бұл ретте Оқу-ағарту вице-министріне сұрақ қоймақпын. Қазір оқу орындарында қыз балаларды инабаттылыққа тәрбиелейтін қандай сабақтар өткізіліп жатыр? Ынталандыру шаралары бар ма?» — деп сұрады Анас Баққожаев.
Өз кезегінде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан елімізде ұлттық тәрбиені, мәдениетті оқыту тиісті пәндерде қамтылғанын айтты.
«Әсіресе, қазақ әдебиеті мен тарих пәнінде кеңінен қамтылған. Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырмалар аясында оқу жылынан бастап тәрбие компоненті күшейтілді. Тәрбие бағдарламасын енгізіп отырмыз», — деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.