Наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері 13019 адам тест тапсырған. Оның ішінде талапкерлердің 66 пайызы қазақ тілінде, 33 пайызы орыс тілінде, ал 26 адам ағылшын тілінде тестілеуден өткен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ұлттық тестілеу орталығының айтуынша, ҰБТ басталғалы бері 60 пайыз талапкер шекті балды жинаған. Орташа балға келетін болсақ, ол 59 балды құрады. Ең жоғары балл – 137 болып саналады.
«Наурыз айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 30 наурызға дейін өтеді. Тестілеуге қатысуға 118 505 өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 17,11 пайызы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын 15 пайызы шығармашылық бағытты таңдаған. 14 пайызы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика». Ол пәннен 27 адам тапсырды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бірінші аптада 43 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн. Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады», - делінген Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының хабарламасында.
Бүгінгі таңда 9 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 11 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Өзге тұлғалар анықталмаған.
«Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады», - делінген Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының хабарламасында.