Қаржы министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша жүзеге асырылатын операцияларды кәсіпкерліктен кіріс алу белгілері бар операцияларға жатқызу критерийлерін қайта қарау мәселесін пысықтауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы депутат сауалына жауап берген премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.
"Қауіп критерийлерін мынадай редакцияда өзгерту туралы ұсыныс қаралып жатыр: "Бір жеке тұлғаның банк шотына келесі үш ай ішінде жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан асатын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан ай сайын ақшалай қаражат түсуі (01.01.2024 ж. 255 000 теңге", - делінген министрдің жауабында.
Сонымен қатар Қазақстан халқының қолма-қол ақшасыз операциялары кейінгі үш жылда төрт есе өсіп, 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 127,4 трлн теңге болғаны хабарланды. (2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,8%, 2021 жылмен салыстырғанда 95,8%, 2020 жылмен салыстырғанда 4 есе өсті).
"2023 жылдың 11 айында азаматтардың төлем карточкаларын пайдаланатын аударымдарының көлемі 24,2% өсіп, 72,3 трлн теңге болды. Жалпы 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында халық төлем карточкаларын пайдалана отырып, тауарлар мен қызметтерге 2,9 млрд төлем жасады. 48,5 трлн теңге болды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден 2 есе жоғары", - деді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, 2023 жылы бөлшек сауда айналымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы үлесі 86% болған. Жалпы тұрғындардың QR төлемдерін белсенді қолдануы байқалады. 2023 жылдың сәуір-қазан айларында QR көмегімен 1,2 млрд транзакция жасалды.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Асқар Садықов 17 қаңтарда Қаржы министріне 1 қаңтардан бастап енгізілген мобильді аударымдарды фискалдық бақылауға қатысты сауал жолдаған еді. Ол көптеген қазақстандық кәсіпкерлердің күнкөрісін әрең көріп отырғанын атап өтті.