Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС төлемейтіндерге көлік жүргізуге тыйым салу тек ұсынысынан бас тартты. Бұл туралы аталған ведомствоның бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Бұл мәселе қазір күн тәртібінде тұрған жоқ. Қазіргі кезде халықты медициналық сақтандыру жүйесіне тартудың басқа тетіктерін қарастырып жатырмыз. Оның ішінде әкімдіктер арқылы іске асырылмақ. Ең алдымен, халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарына назар аударылған», - деді Т.Сұлтанғазиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, былтыр күзде Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС төлемейтіндерге көлік жүргізуге тыйым салу туралы ұсыныс айтқан еді.
«Бұдан басқа, сақтандырылмаған адамдарға денсаулық және осы салаға қатысты мемлекеттік қызметтерді алу кезінде шектеу енгізу ұсынылады. Мәселен, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және басқа да бағыттарда осындай шектеулерді қарастырған жөн деп санаймыз», - деді бұрынғы министр Ажар Ғиният.
Жалпы, 5 жыл бойы медициналық сақтандыруға қатысты заң талаптары орындалмай келеді.
3 млн адам медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Осының салдарынан адамдар медициналық көмекті тиісті деңгейде алмай жатыр.
Ауылдардағы 1,5 млн адамды медициналық сақтандыру бюджет есебінен болады.