Ұлттық Банк банкноталардың жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығара бастады. Жаңа серия «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және Қазақстанның мұрасын бейнелейді. Шығарылым теңгенің қорғау дәрежесін арттыруға және елдің мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ұлттық банктік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банк мәліметінше, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000, 20 000 теңгелердің дизайны өзгерген.
«Әлемдік практикада қолдан ақша жасауға жол бермес үшін әр 7-8 жыл сайын банкноталардың дизайны өзгеріп, жаңа түрі шығып тұрады. Жаңадан қорғаныш элементтері енгізіліп, банкнота дайындауда жаңа технологиялар қолданылады.
Осылайша, Ұлттық Банк әлемдік практикада бар жаңа қорғаныш элементтеріне тұрақты негізде талдау жүргізеді. Бұл ұлттық валютаны жоғары деңгейде қорғауға және қолдан жасауға жол бермеуге мүмкіндік береді»,- делінген ресми ақпаратта.
Банкноталар екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) және «Қазпошта» АҚ арқылы айналымға түседі. Аумақтық филиалдарға банкноталарда жеткізуге, ЕДБ-дан қолма-қол ақша және т.б. алуға өтінімдерге байланысты белгілі бір рәсімдер бар.
Теңгенің 30 жылдығына арналған мерекелік банкноталар және номиналы 5 000 теңгелік жаңа банкноталар 2023 жылғы желтоқсан айының соңында айналымға жіберіледі.