«E-Petition.kz» ресми порталында жарияланған «Мемлекеттік қызметкерлерге ойын бизнесіне тыйым салу» петициясын ресми қарау үшін қажетті қол жиналды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
ҚР АПК-нің 90-4-бабына сәйкес, 50 000 қол жинау шегіне жеткеннен кейін ҚР Туризм және спорт министрлігі өтінішті қарауға қабылдады. Қазақстан Республикасы АПК-нің 90-5-бабына сәйкес өтінішті қарау мерзімі тіркелген күннен бастап 40 жұмыс күніне дейін жалғасады.
ҚР Туризм және спорт министрлігі мүдделі тұлғалардың, мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қамтитын жұмыс тобының қызметін ұйымдастырады. Өтінішті қарау процесі заң талаптарына сәйкес өтеді.
Естеріңізге салсақ, бұл бастаманың авторы – «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.
«Сыбайлас жемқорлық, ұрлық, қаржы жымқыру мәселелері шенеуніктердің құмар ойындарға қатысты пікірлерінің қалыпты екенін көрсетеді. Алайда, лудоман шенеуніктердің мәселесі әлі шешілмей тұр. Мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік сала қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және басқа да күш құрылымдары қызметкерлеріне құмар ойындарға толық тыйым салынуы керек», – деген еді ол петицияның сипаттамасында.