Жаңа оқу жылы қарсаңында студенттерді тасымалдау үшін Ақтау және Атырау қалаларынан Алматыға қосымша вагон іске қосылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тамыз айының соңында батыс өңірінен Алматыға қатынайтын студенттер көп болғандықтан билеттер табылмайды. ҚР Көлік министрлігі студенттердің өтініштеріне сәйкес қосымша вагондар қоюға дайын екенін жеткізді.
Маршруттарға нақты тоқталсақ:
Ақтау-Алматы бағытында қосымша 360 жолаушыға арналған 8 жолаушы вагоны қатынайды. Бұл бағыттағы вагон 21 тамыз күні Ақтаудан шығып, 23 тамыз күні Алматыға жетеді.
Атырау-Алматы бағытына теміржолшылар қосымша 3 вагон қосады. Бұл вагондар 540 жолаушыға арналған. Атырау-Алматы бағытында пойыздар 16, 18, 20, 22 тамызда қатынайды.
Студенттер Ақтау және Атырау қалаларының вокзалдарынан теміржол билеттерін сатып ала алады.