Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров өзінің депутаттық сауал жолдап, салық және салықтық емес төлемдердің жекелеген түрлерін жергілікті бюджет деңгейіне беруді ұсынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Парламент депутатының айтуынша, 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті жерлердегі әкімдіктерді ынталандыруды арттыру және өңірлердің өз кірістерін нығайту үшін жергілікті бюджетке берілген. Алайда 2020 жылдан 2022 жылға дейін түсімдер сомасы 2 трлн теңгеден асып отыр. Салық түсімдеріндегі үлесі 20 пайыздан асып, шағын және орта бизнестен түскен корпоративтік табыс салығының жыл сайынғы өсу қарқыны 40 пайыздан астам көрсеткішті құраған.
«Тәжірибе көрсеткендей, әкімдерді сайлау институтын енгізуге және жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін кеңейту бойынша бірнеше жыл бойы жұмыс жүргізуге қарамастан, өңірлердің қаржылық дербестігі мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттерге қосымша кірістерді беруді мемлекеттік органдардың құзыреттерін функционалдық талдаудан кейін, белгілі бір функцияларды жергілікті деңгейге және тиісінше шығыс өкілеттіктеріне бергеннен кейін қарастыру қажет екенін түсіну қажет», - деді Бекбол Орынбасаров.
Сонымен қатар сенатор талдау жүргізу қосымша кірісті бұдан былай да республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берудің орындылығын айқындауға мүмкіндік беретінін алға тартты.
Депутат сауалында ірі бизнес нысандарының КТС бөліктері, еліміз аумағына импортталатын тауарларға акциздер, ШОБ-тан қосылған құн салықтары, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер салатын әкімшілік айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар және өндіріп алу табыстары жататыны айтылған.