“Атырау - Астрахань” бағытындағы жолаушылар пойызында демалысқа бара жатқан бүлдіршін қайтыс болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
“Қазақстан темір жолы” ҰК 13 жастағы жолаушының пойызда қайтыс болғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
- 2023 жылдың 7 тамызында №625 Атырау - Астрахань бағытындағы пойызда 2010 жылы туған бала қайтыс болды. Бала лагерьге төрт кеңесшінің жетекшілігімен барған. Топтағы балалар жеке, яғни, өз беттерінше тамақтанған,- делінген ҚТЖ хабарламасында.
Ақпарат бойынша, пойыз жөнелтілгеннен кейін бір жарым сағат өткен соң бала өзін нашар сезінген. Пойыз бригадасы жедел жәрдем шақырып, Нарын станциясына тоқтаған. Дегенмен, жедел жәрдем қызметкерлері баланың қайтыс болғанын анықтады.
Өлімнің нақты себебі сараптамадан кейін белгілі болады.