Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек екенін айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек», - деді.
Алдымен «Болашақ-Челябинск» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кеңес берді.
«Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс. Бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы керек. Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуге тиіс. Жеке инвестицияны көптеп тарту керек», - деді Мемлекет басшысы.