Атырау облысындағы Құлсары қаласында сауда орындары ашылып, автобус жүре бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуына қарағанда, суда орындары қалыпты жұмысына кірісті. Оның ішінде 100 азық-түлік дүкені, 2 ірі супермаркет, 3 ірі көтерме сауда базары бар. Сондай-ақ, 20-ға жуық дәріхана қайтадан ашылды.
«Қаладағы қоғамдық тамақтану орындары да қалыпты жұмысқа кірісті. Тәулік бойы жұмыс істейтіндері бар. Сауда орындарының иелеріне түсіндіру жұмысы жүргізіліп, бағаны негізсіз қымбаттатпауды қадағалап отырмыз», - деді Гүлнафис Айшуақова.
Сондай-ақ, «Батыс Тех Инвест» ЖШС басшысы Әуез Әбіләкімтің мәліметіне сүйенсек, жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер рейске шықты.
«Төтенше жағдай жарияланғанға дейін Құлсары қаласында 55 автобус 12 бағытта жолаушы тасымалдаған еді. Қазір қалада 14 автобус 4 бағытта жолаушы тасымалдап жүр. Бұдан бөлек Қосшағыл, Жаңа Қаратон, Майкөмген, Жем ауылдық округтеріне қатынайтын автобустар қалыпты жұмысына кірісті», - деді Әуез Әбіләкім.
Оның айтуынша, Құлсары қаласының көшелері судан тазартылған соң қоғамдық көлік саны артады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсары қаласының көшелерінен 250 мың текше метр су сорылды.
Сондай-ақ, 500 үйге электр жарығы берілді.