«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қызылорда облысындағы Торғай палеозой құрылымында тереңдігі 5 500 м PZ-1 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылауды бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компания ретінде стратегиялық мақсаттарының бірі – ресурстық базаны толықтыру мен дамытуға ерекше назар аударады. Бұрғылау жақсы нәтиже көрсеткен жағдайда, жоба Қазақстан Республикасының ресурстық әлеуетін толықтыруға мүмкіндік береді.
Аймақта осыған дейін бұл тереңдікте ұңғыма бұрғыланған емес. Терең жатқан шөгінділерді зерттеу жобасы геологиялық қиманың белгісіздігімен, қысым мен температураның жоғары болу қаупімен, күкіртсутектің болуымен күрделі.
Жобаны іске асыру үшін 30 адамнан тұратын кәсіби мамандар тобы (ҚМГ жобалау командасы) құрылды. Сондай-ақ сервистік компаниялардан 40-қа жуық маман және 70 адамнан құралған бұрғылау бригадасы мен мамандар жұмысқа тартылды.
Жоба бойынша жер қойнауын пайдаланушы – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (100%).