Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі 3 букмекерлік кеңсені лицензиясынан айыру үшін сотқа арыз берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жыл басталғалы бері Қазақстанда 5 букмекерлік кеңсенің жұмысына тосқауыл қойылған.
«Мәдениет және спорт министрлігі 3 букмекерлік кеңсенің лицензиясын сот тәртібімен тоқтату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл басынан заңнаманы бұзған 5 букмекерлік кеңсенің қызметі тоқтатылды», - деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта.
Қазіргі таңда Қазақстанда букмекерлік кеңселер саны 2 еседен артық көлемде азайған. Мысалы, 2021 жылдың басында елімізде 38 букмекерлік кеңсе жұмыс істесе, биыл олардың саны 16-ға дейін түсті. Ал оның ішінде іс жүзінде жұмыс істейтіндері 12-ні құрап отыр.
Бүгінде букмекерлік кеңселердің санын азайту үшін Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру жұмысын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Мәселен, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселердің 15-і лицензияны өз еркімен тапсырған көрінеді.
«Министрдің тапсырмасы бойынша осы бағыттағы жұмыс күшейтіледі. Бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзету, сондай-ақ ілеспе нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді. Сондай-ақ, біз ойын бизнесінің жарнамасымен күресу үшін заңнамалық деңгейде түзетулерге бастамашы боламыз», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.