ҚР оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады. Оған сәйкес, елімізде балаларды бір мектептен екінші мектепке ауыстыру ережелері өзгертілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның 2024 жылғы 4 сәуірдегі бұйрығында тек демалыс кезінде мектептен мектепке көшіруге қойылған шектеуді алып тастағаны айтылған.
«Осылайша, жаңа ережеге сәйкес, балаларды оқу жылы ішінде тұрғылықты жері бойынша мектептен мектепке ауыстыруға болады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ведомствоның баспасөз қызметі ата-аналарға бірінші сыныпқа қабылдау туралы өтініштер 2024 жылдың 1 сәуірі мен 31 тамызы аралығында қабылданатынын жеткізді.
«Ата-аналар балаларының құжаттарын eGov.kz электронды үкімет порталында тапсыра алады, бұл ретте балалар лицейлер мен гимназияларға емтихансыз барады», - деп атап өтті министрлік.