© 2022 жылы Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі
2023 жылғы қаңтар-қазан аралығында тас жол мен теміржол құрылысы саласындағы негізгі капиталға құйылған инвестиция өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірден 42,5%-ке артып, 274,1 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Инвестициялардың көп бөлігі, яғни 226,1 млрд теңге тас жол құрылысына жұмсалған. Жылдық өсім – 23,4%. Оның ішінде жол мен автомагистраль құрылысы саласына 170,6 млрд теңге, құрылыс, қайта жөндеу, жөндеу жұмыстары, ақылы қозғалыс пен халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдалануға арналған жолдарды ұстауға 55,5 млрд теңге жұмсалды.
Теміржол мен метро құрылысына 48 млрд теңге кетті, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 9,1 млрд теңге болған. Жылдық өсім – 5,3 есе.
Өңірлер бойынша Қарағанды облысының жолдарын жөндеуге ең көп инвестиция құйылыпты: 62 млрд теңге. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 5,9 млрд теңге. Өсім – 10,6 есе.
Екінші және үшінші қатарға Жетісу (58 млрд теңге) мен Батыс Қазақстан облыстары жайғасқан. Осы сектор бойынша ең аз қаржы Ұлытау облысына жұмсалыпты: 96,3 млн теңге ғана, бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 455,2 млн теңге.
Көлік министрлігі басшысының сөзінше, жыл сайын елдегі жолдарды қамтамасыз етіп, ұстап тұруға 60 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет. Бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында кезең-кезеңімен ақылы жол бөліктері енгізіліп жатыр. Қазіргі күні ақылы жүйе 3,2 мың тас жолға енгізілген. 11 ай ішінде 26 млрд теңгеден астам қаржы жиналды. Келесі жылы тағы ҚР-дағы 1,2 мың шақырым жолды ақылы ету жоспарланған.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жылдық есебі дерегі бойынша, 2022 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын ұстап тұруға 113,6 млрд теңге бөлінген. Бір жыл бұрынғы сома – 95,8 млрд теңге болатын. Қаржы 100% игерілді.
Бөлінген қаржы аясында 157 нысанға күрделі және орташа жөндеу жүргізілді (45-не күрделі жөндеу, 112-не орташа жөндеу). 1079,4 шақырым жол пайдалануға берілді.
Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар тас жолдар үлесі 2022 жылы 91% болса, алдыңғы жылы 90% еді.
Өңірлер бойынша, 2022 жылы Жетісу облысы жолдары 99% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болып шықты. Үздік үштік қатарында Павлодар (96,5%) және Түркістан (95,2%) облыстары бар. Ең нашар көрсеткіш Абай (77,9%), Ұлытау (78,3%) және Батыс Қазақстан (85,6%) облыстарында тіркелді.