Еліміздің тұрғындарына Қазақстанның пошта қызметінің атынан фейк СМС-тер келуде. Хабарламада «Затыңыз қоймаға келді. Бірақ мекен-жайы туралы қате ақпаратқа байланысты жеткізілмейді» деп жазылған. Өтінішті растау үшін күмәнді сайтқа сілтемені көшіріп, оны Safari браузерінде ашу ұсынылады. Бұл ақпаратқа сеніп, фишингтік сілтемеге өтпеуіңіз қажет, деп хабарлайды mangystaumedia.kz stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл ретте «Қазпошта» АҚ хабарламаларды тек 1499 ресми қысқа нөмірінен ғана жібереді. Ұлттық байланыс операторының ресми сайттары ретінде post.kz, kazpost.kz сайттарына ғана сенім арту қажет.
«Достар, соңғы уақытта алаяқтар көбейді! «Қазпошта» сіздерге компания сайтына ұқсас күмәнді сайттарға (тауар немесе жеткізілім үшін төлем жасау) өтуге ұсыныс жасалса, сіздерді алаяқтар алдауға әрекет етіп тұрғанын еске салады. Егер сіз сәлемдемені күтіп отырсаңыз, оның мәртебесін сайтта немесе post.kz мобильді қосымшасында тексеруге болады. Ең бастысы банк картаңыздың нөмірін және CVV-кодын ешқашан ешкімге айтпағаныңыз дұрыс. Егер сіз күмәнді сайтта тауарға жеткізіліммен бірге төлем жасау туралы шешім қабылдасаңыз, онда сіз бұл шешіміңіз үшін өзіңіз жауапкершілік алатын боласыз», - деп жазылған «Қазпошта» АҚ-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.