Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында өртенген қамысты екі күннен бері сөндіріп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға 2 наурыз күні сағат 15:45-те Құрманғазы ауылынан 40 шақырым жерде болған. Қамыс өрті 100 гектар аумақты шарпыған.
Бір күн бұрын өртті сөндіруге Құрманғазы ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінен, орман шаруашылығы мен жергілікті атқарушы органнан 36 адам, 5 мотопомпа, 1 техника, 4 мотоқайық жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Каспий жағалауындағы өртті сөндіру жалғасуда.
"Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жердің батпағы және тығыз өсімдіктері арнайы техниканың өтуіне мүмкіндік бермей, өртті сөндіруді қиындатып тұр", - деп хабарлады министрлік.
Оқиға орнында жеке құрамның 35 адамы, моторлы қайық, 6 моторлы сорғыш, төтенше жағдайлар департаменті және орман шаруашылығының техникасы бар.