Биыл ай басынан бері Тасқаладағы балабақшаның бірінде алты бала скарлатинамен ауырған. Салдарынан 4 жасар қыз қайтыс болды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Ал бір бала ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр, оның анасы БАҚ-қа аурудың жаппай өршіп тұрғанын айтқан. Тасқала тұрғыны облыстық денсаулық сақтау орталығына балалар жаппай жұқпалы дертке шалдыға бастағанын айтып, арызданған.
"Дәрігерлердің салғырттығынан адам қайтыс болған кезде облыстық денсаулық сақтау орталығына және БАҚ-қа хат жазуды жөн көрдім. Одан еш нәтиже болмады", - деп жазды бірнеше күннен бері Тасқала аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан баланың анасы.
Сондай-ақ ол науқас балалардың ата-анасы дәрігерлерді үйге шақырғанын, бірақ олар шақыртуларға келмегенін айтты. Науқас балаға жедел жәрдем шақыру мүмкін емес. Тасқала ауданына бір ғана жедел жәрдем станциясы қызмет көрсетеді.
"Қыз қайтыс болғаннан кейін ғана жұқпалы аурулар кешенін ашты. Баламның денесінде бесінші күннен бері бөртпе пайда болды, температурасы - 39, төмендемейді. Оған скарлатинамен және пневмония деген диагноз қойылды. Балам үшін алаңдап отырмын», - деп жазды ана.
Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Тасқалада балалардың скарлатина жұқтырғанын, соның салдарынан облыс орталығындағы балабақшаның бірі карантинге жабылғанын растады. Скарлатинамен ауырып қалған бес науқас - балабақшадағы бір топтың тәрбиеленушілері.
Сондай-ақ басқарма 4 жасар Ақеркенің өліміне қатысты түсініктеме берді. Айтуынша, қыздың соңғы диагнозы қосымша зерттеулерден кейін анықталатынын түсіндірді.
Тасқала ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері скарлатина ауруы анықталған топта карантин белгілеу, байланыста болған адамдарды тексеру және медициналық бақылау туралы қаулы шығарды. Қазіргі уақытта мамандар инфекция ошақтарына эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатыр.