VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл аудан және қала әкімдерінің сайлауы өтетінін атады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Саяси реформаларды жалғастыру мен саяси құрылымды жетілдіру туралы айтқан Президент биыл елімізде аудан мен қала әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеді.
«Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз», - деді Қ.Тоқаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы реформа жасау арқылы алға қарай қадам басатынымызға сенім білдірді.
«Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын. Алған бетімізден қайтуға болмайды. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек, - деді президент.