Астанада қатты жауын-шашын салдарынан 2GIS шкаласы бойынша 9 баллға жеткен ауқымды кептеліс туындады. Бұл ретте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс.Такси» қызметінің қымбаттауы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, мереке алдындағы күндері, бұқаралық іс-шараларда немесе қолайсыз ауа райы жағдайлары сияқты жоғары сұраныста «қауырт сағат» алгоритмі қолданылып, сапардың ең жоғары құны анықталады. Бұл ауа райының қолайсыздығы секілді таксиге сұраныстың артуымен қатар сапар құны да өсетінін білдіреді.
«Қауырт сағат» алгоритміне ықпал ететін шарт – бос жүргізушілердің үлесі (аумақтағы бос көліктердің саны және белгілі бір уақытта тапсырыстардан босатылған жүргізушілердің саны). «Қауырт сағат» мерзімі бос жүргізушілердің қолжетімділігі туралы сервистің техникалық және статистикалық деректеріне сүйене отырып, «Яндекс.Такси» алгоритмі арқылы автоматты түрде орнайды. Жоғары сұраныс кезінде «қауырт сағатты» қолдану сапарды кейінге қалдыра алмайтын жолаушыларға таксиді пайдалануға көмектеседі», — деп түсіндірді Бәсекелестікті қорғау агенттігі.
Одан бөлек, Яндекс бағдарламалық жасақтамасын, бағаны белгілеуге әсер ететін факторларды (ауа райы, мереке күндері, сұраныстың артуы, жүргізушілердің болмауы және т.б.) егжей-тегжейлі зерттеу үшін агенттік алгоритмдік баға белгілеу аудитін жүргізеді.
«Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері анықталса, агенттік тиісті ден қою шараларын қолданатын болады», - деп толықтырды ведомство.
Айта кетейік, кеше Астанада Қабанбай батыр, Сығанақ, Сарайшық, Мәңгілік Ел көшелерінде және басқа да бағыттарда қозғалыс қиындады. Қатты жаңбыр такси бағасының айтарлықтай өсуіне ықпал етті.