© kazinform
Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел мен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) Президенті Ровшан Наджафтың кездесуінде айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Әлім Байел Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың барлық салада, соның ішінде мұнай саласында да табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
2023 жылы Қазақстан мұнайы Әзербайжан аумағы арқылы Баку-Тбилиси-Джейхан құбырымен тасымалдана бастады. 2023 жылы Ақтау портынан Әзербайжанға 1057 мың тонна қазақстандық мұнай жөнетілді. 2024 жылдың қаңтар-сәуір аралығында бұл көрсеткіш 490 мың тоннаны құрады.
2024 жылғы наурыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға мемлекеттік сапары аясында «ҚазМұнайГаз» бен SOCAR арасында Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнай транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісімге және қазақстандық мұнайды сатып алу-сату саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қазіргі уақытта тараптар көлемді одан әрі ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыруда. Қазақстан Әзербайжанның Баку-Супса мұнай құбырын пайдалану туралы ұсынысын да зерделеуде. Бұл бағыттағы тасымалдау коммерциялық шарттарға байланысты болады.
Ровшан Наджаф бауырлас Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы ерекше қарым-қатынасты атап өтті. Ұлттық мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара іс-қимылдың табысты дамып келе жатқанына назар аударды.
Кездесуде мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасу болды. Атап айтқанда, Әзербайжан тарапы қазақстандық мұнай кен орындарына қызығушылық танытып, Қазақстанға бұл бағыт бойынша инвестиция салу мүмкіндіктерін қарастыруда.