Әзербайжан үкіметі Каспий теңізінде жасанды жер учаскелерін құру үшін инвесторлар тартуды көздеп отыр. Бұл туралы Парламент отырысында Мемлекеттік қала құрылысы және сәулет комитетінің басшысы Рашад Исмаилов мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Бұл жерлер Каспий теңізінің әзербайжандық секторының солтүстігінде, оңтүстік жағалауында құрылады, олар Бакудің бас жоспарында ескерілмеген», - деді ол Парламенттің Экономикалық саясат, өнеркәсіп және кәсіпкерлік комитетінің «Каспий теңізінің Әзербайжан секторындағы жасанды жер учаскелерін құру туралы» тақырыбында өткен отырысында.
Оның айтуынша, заң жобасында жасанды жер учаскелерін құрудың ерекшеліктері көрсетілген.
«Құрылыс жобалары Қала құрылысы кодексіне сәйкес әзірленетін болады. Бұл ретте олардың экологиялық және басқа да салдары ескеріледі», - деп қосты аппарат басшысы.
Бұған дейін жергілікті БАҚ бұл заң жобасының Әзербайжан парламентіне жіберілгенін, жақын арада талқылауға шығарылатынын хабарлаған болатын. Заң жобасы тек Бакуге ғана қатысты емес. Жасанды аралдар Набран, Лянкяран және басқа жерлерде де салынуы мүмкін.
Күзде Каспий теңізінде жасанды аралдар құру бойынша жобалау жұмыстары басталады деп болжанған. Олар болашақта ел астанасы Баку мен жасанды жер учаскелері арасында автомобиль жолдарын салуды, сондай-ақ осы аралдарға паром және кеме қатынасын ашуды көздейді.