Маңғыстау облысының Астана қаласындағы «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі» атты мәдени күндері аясында Маңғыстау кәсіпкерлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда оң нәтижеге қол жеткізуде. Тіпті, Маңғыстау кәсіпкерлерінің өніміне сырттан сұраныс жоғары. Мұны «Достық үйінде» өтіп жатқан көрме-жәрмеңкеден байқауға болады.
Биыл Маңғыстаудан елордаға 25-тен аса кәсіпкер келген. Олар түйе сүтінен әзірленген шұбат, балқаймақ, құрт пен ірімшіктерін, балық өнімдерін, ұлттық киімдер мен әшекейлер, ағаш бұйымдарын ала келген.
Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18,6% - ға өскен. Соның нәтижесінде 153 717 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өнім шығару көлемі 123,6% - ға артып, 400,3 млрд теңгеге жеткен.
Жұлдызай Қалиева