© Kmg.kz
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов 14 тамызда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңеске қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиын барысында мұнай өндіру мен өңдеу саласындағы сын-қатерлер мен перспективалар, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру бойынша жоспарлар талқыланды.
ҚМГ басшысы өз сөзінде компания геологиялық барлау бағытын белсенді дамытып жатқанын баса айтты. Барлық негізгі шөгінді бассейндер бойынша геологиялық зерттеулер жүргізілді, нәтижесінде Торғай Палеозой (Қызылорда облысы) және Абай (Каспий теңізі) учаскелерінде терең ұңғымалар (5500 метр) бұрғыланды.
Биыл Қаратон Подсолевой (Атырау облысы) және Қаражар (Ақтөбе облысы) учаскелерінде бұрғылау жұмыстары басталады. Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиялар шеңберінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша кешенді бағдарлама қабылданды, оның қазіргі нәтижесіне Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы жаңа учаскелерді жатқызуға болады.
ҚазМұнайГаз Басқарма төрағасы бүгінде әлеуеті толық ашылмаған жер қойнауының терең бөліктерін зерделеу қажеттілігіне назар аударды.
Өндіру көлемін арттыру мәселесіне қатысты мұнай қорларының 50%-ы өндірілуі қиын қорларға жататыны айтылды. ҚМГ басшысы жаңа технологиялар 2025-2050 жылдар аралығында қосымша 70 млн тоннаға жуық мұндай өндіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
А. Хасенов мұнай өңдеу тақырыбына тоқтала келе, мұнай өнімдеріне сұраныстың өсуі мұнай өңдеу зауыттарында инвестициялық жобалардың іске асырылуын талап ететінін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі уақытта өңдеу тарифтері бұл жобалардың төмен рентабельді экономикасын қалыптастырады. Ол жанар-жағармай бағасын көрші елдердегі бөлшек сауда бағасымен біртіндеп теңестіру қажет деген пікірін білдірді. Көрші елдердегі жанармай бағасы бүгінде Қазақстандағы бағадан екі есе қымбат және алыпсатарлық кері экспортқа жағдай жасайды.
Газ-химия кластерін одан әрі дамыту мәселесіне тоқталған ҚМГ басшысы Теңіз кен орнының газын шикізат ретінде қолданатын ірі мұнай-газ-химия жобаларын іске асырудың ерекше маңызын атап өтті. Солардың ішінде Полиэтилен жобасы да бар, оның құрылысы биыл күзде басталады деп күтілуде. Сондай-ақ ҚМГ ҚР Энергетика министрлігімен және серіктестерімен бірлесіп, болашақта іске асырылатын мұнай-газ химиясы жобаларында Қашаған кен орнынан шығатын «майлы» газ фракцияларын пайдалану бойынша бірыңғай стратегия әзірлеп жатқандығы айтылды.
ҚМГ тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде елішілік үлесті дамытуға ерекше назар аударатыны да айтылды. Мәселен, 2024 жылдың 6 айында ҚМГ компаниялар тобы бойынша сатып алудың жалпы көлемі 2,5 трлн теңгеге, елішілік үлес — 86%-ға жетті. Ұлттық компанияның пікірінше, бұл – жұмыстар, тауарлар мен қызметтердің жалпы көлемінде отандық қамту үлесін ұлғайту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Офтейк-келісімшарт жасасу арқылы импортты алмастыру бағдарламасы да іске асырылып жатыр. Жыл басынан бері 83 офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Болжам бойынша офтейк-келісімшарттардың жалпы үлесі 2024 жылдың соңына қарай 29%-ға жетеді.