«Самара-Шымкент» тасжолында болған қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары тағы бір айға созылды. Автобус жүргізушілері уақытша тергеу изоляторында отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейінгі тергеу жұмыстары барысында 3 жүргізуші өз кінәларын мойындамаған. Ал автобустың иесі заңды органдардан қашып жүр, оған іздеу жарияланды.
Бүгін белгілі болғандай, қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы тағы бір ай қолданылатын болады. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу 21 мамырға дейін жалғасатын болады.
Айта кетейік, жапа шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету үшін Үкіметте ведомствоаралық комиссия құрылған болатын.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 7 жасар ақтаулық шахматшы Азия чемпионатында қолаға ие болдыАвтобуста өрт болып, 52 Өзбекстан азаматының қайтыс болғанына үш айдан аса уақыт өтті. Әлі күнге кінәлілер мен өрттің шығу себебі анықталмай отыр.
Еске салайық, 18 қаңтар күні Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» автожолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус өртеніп, 52 адам жан тапсырған болатын.
Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалды. Өртте аман қалған бес адамның үшеуі - Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов автобус жүргізушілері. 26 қаңтар күні оларға 24 наурызға дейін қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Кейін санкция мерзімі сәуір айына дейін ұзартылды.